Бауырды сақтаңыз!
Бауыр - бұл біздің ағзамыздағы ең ірі без. Ол негізгі қызметі - уытсыздандыру немесе залалсыздандыру болып табылатын бірқатар маңызды қызметтер атқарады. Мәселе тамақпен ағзаға зиянды немесе тіпті улы заттар жиі түсуінде. Олар ішекке түскен соң қанға сіңіп, кез келген мүшеге ене алады. Бауыр осыған кедергі келтіреді. Ол уыттарды залалсыздандырады және оларды өтпен қайтадан ішекке шығарады. Бауырмен түзілетін өт қалыпты ас қорыту үшін қажет.
Біздің жейтін өнімдеріміз ағзаға пайдасын тигізу үшін толығымен бойымызға сіңуі қажет.
Өт бұл үдеріске белсенді түрде қатысады. Бауыр оны тұрақты түрде өндіреді, сонымен бірге қажет болғанда тамақ ішкен соң қажет мөлшерде де өндіреді. Егер біз жеңіл тамақ ішсек, өт көп қажет емес. Ал біз «тойып тамақ ішкенде» бауырға бұл шамадан тыс жүктеме болады. Сонымен қатар еттен тұратын және майлы тамақтың сіңуіне көбірек өт қажет екенін атап өту керек. Егер бауыр сау болса, барлығы ойдағыдай өтеді. Өт көп керек болса - мархабат. Ал сұраным жоқ өт, өт қабында сақталады. Әртүрлі себептерге байланысты өт шығарудың бұзылуы жаман: өттің іркілуі немесе керісінше жылдам шығарылуы орын алады. Өттің pH ортасының өзгеруі тастардың түзілуіне әкелуі мүмкін. Аталған жағдайлардың қайсысында болмасын бауыр ауру мүшенің қатарына өтеді және қалыпты түрде жұмыс істей алмайды.
Қоршаған ортаның жағымсыз ахуалы, дұрыс тамақтанбау, алкогольді шамадан тыс тұтыну, темекі шегу, сонымен бірге ас қорыту мүшелерінің аурулары сияқты әртүрлі факторлардың әсерінен бауыр «отыра» бастайды. Бұл күрделі мүшені емдеумен сөзсіз дәрігер айналысуы тиіс. Бірақ бауыр жұмысындағы бұзылыстар сізді маманға жүгінуге мәжбүр еткенге дейін сіз өз жағдайыңызға талдау жасай аласыз. Мысалы, бауырдың ауыр сырқатының жаршысы өт жолдарының дискинезиясы деп аталатын фукционалдық бұзылыс болып табылады.
Оның симптомдары: бауыр жұмысының биоырғағындағы бұзылыстарды көрсететін тамақ ішкен соң оң жақ қабырға астында ауырсыну сезімінің болуы, тамақтану арасындағы аралықтарда жүрегі айну, сүйікті тағамдарына қызығушылығының болмауы, ауызда ащы дәмнің болуы, кекірік, тістерінің саулығына қарамастан ауыздан жағымсыз иіс шығуы, ұйқының бұзылуы. Бұл симптомдардың барлығы қуырылған, майлы, консервіленген, сүрленген тамақтан кейін күшейеді. Бұл үдерістер құмның, тастардың түзілуіне ат салысып, бауырдағы қабыну үдерістеріне, соңында бауыр циррозына әкеле отырып жылдар бойы созылуы мүмкін. Бауыр ауруының белгілері ұзақ уақыт бойы көрініс таппауы мүмкін. Бірінші дабыл қоңырауынан кейін адам дәрігерге барса жақсы. Бірақ жиірек басқа шұғыл істер табылып, дәрігерге бару кейінге қалады, ал бауырда қайтымсыз өзгерістер қалыптасқан кезде сырқат сонымен бірге дамып, созылмалы кезеңге өтеді. Сондықтан бауыр ауруларын емдеу мен алдын алуда ерте кезеңдегі диагностика шешуші рөл атқарады. Әртүрлі зертханалық зерттеулер мен тестілер осы мақсатпен қолданылады. Олардың барлығы бауырдың бір немесе басқа қызметін көрсетеді және маңызды диагностикалық мәнге ие.
Пациенттер мен дәрігерлерге ыңғайлы болу үшін «ОЛИМП» КДЗ бауырдың күйін көрсететін 10 биохимиялық көрсеткіштерден тұратын «Бауырды тексеру» диагностикалық профилін жетілдірді.
Профильге кіретін тестілер бауыр тіні жасушаларының зақымдалу дәрежесін сипаттауға, бауырдың бөліп шығару және ақуызды синтездейтін қызметтерін бағалауға, патологиялардың ықтимал себептері туралы болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
АЛТ (аланинаминотрансфераза), АСТ (аспартатаминотрансфераза) (әдетте оларды бірге "трансаминаза" деп атайды) - бұл ферменттер қанға жасушалардан түседі. Жасушалардың зақымдалуы кезінде қанға шығуы күшейеді және қан сарысуында олардың белсенділігін анықтау жасушалардың зақымдалуын анықтауға бағытталған.
Гамма-ГТ(ГГТП) - бауыр ауруларының өте сезімтал маркері. Гамма-ГТ белсенділігі ұзақ уақыт шамадан тыс алкогольді тұтынудың бауырға әсер етуіне ерекше сезімтал.
Сілтілік фосфатаза. Оның белсенділігі өт шығару жолдары және механикалық сары ауру (холестаз) тарапынан гепатиттердің асқынуы дамыған кезде ерекше көрініп, артады.
ЛДГ (лактатдегидрогеназа) – бауыр жасушаларының зақымдалуын, әсіресе уыттық әсер кезінде зақымдалуын көрсететін фермент (алкоголь, дәрілік заттар және т.б.)
Жалпы билирубин. Оны анықтау тікелей билирубинді анықтау сияқты бауырдың бөліп шығару қызметін бағалауға бағытталған. Вирустың немесе басқа да уытты агенттің әсерінен дамыған бауыр жасушаларының патологиясы билирубиннің гепатоциттер түріндегі метаболизмінде бұзылыстар тудырады (билирубиннің конъюгирленген формасының түзілуінде - тікелей билирубин), бауыр жасушаларының билирубинді өтке тасымалдауының төмендеуіне және қан сарысуында жалпы билирубин концентрациясының артуына әкеледі. Қабыну жағдайында немесе өтте тастардың болуына байланысты өттің шығуының механикалық түрде төмендеуі нәтижесінде қанда жалпы билирубин мөлшері артуы мүмкін.
Тікелей ("конъюгирленген" немесе "байланысқан") билирубин. Оны анықтау және оның мөлшерін жалпы билирубиннің концентрациясымен салыстыру гипербилирубинемияның себептерін саралауға мүмкіндік береді: бауыр жасушаларының зақымдалуы, өт шығуының механикалық бұзылыстары немесе мысалы, эритроциттердің жоғары гемолизі.
Амилаза- гидролитикалық фермент - крахмал мен гликогенді мальтозаға дейін ыдыратады. Амилаза негізінен сілекей бездері мен ұйқы безінде түзіледі, содан соң сәйкесінше ауыз қуысына немесе он екі елі ішектің саңылауына түседі және тамақпен түсетін көмірсуларды қорытуға қатысады. Ұйқы безінің қабынуы - панкреатит кезінде бұл фермент қан арнасына түседі. Панкреатит жиі бауырдың ауруларымен бірге жүреді, сондықтан амилазаны анықтау маңызды диагностикалық тест болып табылады.
Жалпы ақуыз бен альбумин. Бұл көрсеткіштер бауыр аурулары кезінде дамитын диспротеинемияны (қанның ақуыздық құрамының өзгеруі) бағалауға мүмкіндік береді. Жіті гепатиттер кезінде ақуыз спектрінің өзгерістері әлсіз көрініс табуы мүмкін. Бауырдың ауыр және ұзаққа созылған аурулары кезінде гипоальбуминемия дамиды.