Кері қайту

Жүктілікті анықтау тесті

«Мен жүктімін бе?» деген сұраққа жауап әйелдің өмірін толығымен өзгертуі мүмкін. Сондықтан ол жүкті екеніне сезіктенсе, бұл сұраққа жауапты ұзақ күткісі келмейді.

Заманауи жүктілікті анықтау тестілері шынында 100% сенімді және пайдалануда қарапайым. Дегенмен жүктілікті анықтау тестін таңдауда оның белгілі тұстарына назар аудару қажет.

Үйде пайдалануға арналған жүктілікті анықтау тесті

Аталған тестілерді өндірушілердің айтуынша, нұсқауларды орындаған жағдайда тестінің сенімділігі 99% құрайды және бұл жүктілікті анықтау бойынша дәрігерде өткізілген несеп талдауынан дәлдігі жағынан кем емес. Тестілер дәріханаларда рецептсіз босатылады.

Үй жағдайында жүктілікті анықтау тестін орындау үшін белгілі бір химиялық зат сіңірілген арнайы жолаққа несептің бірнеше тамшысын орналастыру қажет немесе жолақты несептің ағынының астына орналастыру керек. Жолақ адамның хорионикалық гонадотропині (АХГ) гормонының болуын анықтайды.

Әйел жүкті болған жағдайда плацента АХГ түзеді. Аталған гормон сонымен қатар жүктіліктің кейбір алғашқы симптомдарының көрінісі үшін де жауап береді, мысалы, омыраудың сезімталдығы мен жүректің айнуы.

АХГ деңгейін әдетте ұрықтандырудан шамамен 10 күннен кейін несепте анықтауға болады. Үй жағдайында жүктілікті анықтау тестін ұрықталудан 10 күн өтпей жасаса, тест жалған теріс нәтиже беруі мүмкін. Яғни бұндай жағдайда тест нақты жүктілік бола тұра, теріс нәтиже көрсетуі мүмкін.

 

Жүктілікті анықтауға арналған қан талдауы

Жүктілікті анықтауға арналған қан талдауы көбінесе белгілі жағдайлардың болуы шартымен өткізіледі, мысалы, әйел бедеулікті емдеу курсын өтіп жүрсе немесе дәрігер асқынулар болуы мүмкін деп сезіктенген жағдайда.

Қан талдауы АХГ-ға несеп талдауына қарағанда анағұрлым сезімтал және оның өте кішкене мөлшерін анықтай алады. Бұл қан талдауы анағұрлым дәл және жүктіліктің ерте кезеңдерінде дұрыс нәтиже беруі мүмкін екендігін білдіреді – ұрықтандырудан 7-12 күн өткен соң.

Дәрігер сонымен бірге жүктілік кезіндегі АХГ деңгейін анықтауға арналған қан талдауын тағайындауы мүмкін, өйткені жүктіліктің алғашқы бірнеше апталарында ол әр 2 күн сайын екі есеге артады. АХГ деңгейі өспеген жағдайда, бұл қандай да бір ауытқушылықтың болуын білдіруі мүмкін. АХГ деңгейінің тым жоғары болуы әйелдің егіздерге жүкті екенін көрсетеді.