Целиакия IgG ( lgG тіндік трансглутаминаза антиденелері)
Ұлпалық трансглутаминазаға IgG класының антиденесін анықтау – целиакия ауруын диагностикалауға қажетті талдау. Трансглутаминаза – нәруыздар, оның ішінде өсімдік тектес нәруыздар – дәнді өсімдіктердің (бидай, қарабидай, сұлы, арпа) құрамында болатын глиадин метаболизміне қатысатын фермент. Иммундық жүйе жұмысының бұзылысы кезінде ағза ұлпалық трансглутаминазаны бөгде зат ретінде қабылдайды және IgA және IgG антиденелерін өндіру көмегімен оны әсерсіздендіруге тырысады. Антидене ішек ұлпаларында көп мөлшерде болатын ферментпен уытты (токсикалық) кешен түзеді. Цитотоксикалық кешендер ішек бүрлерін зақымдап, қоректі заттардың сіңірілуін бұзады нәтижесінде ішектің қабыну туындайды. Осылайша целиакия дамиды.
Ұлпалық трансглутаминазаға IgA антиденесі целиакияны диагностикалау үшін аса арнайы талдау болып саналады. Алайда, целиакиясы бар емделушілердің 3% жуығында селективтік IgA тапшылығы байқалады. Осыған байланысты IgG антиденесімен қоса IgA антиденесін зерттеуді тағайындау қажет. Тәжірибелік медицинада жиі трансглутаминазаға антидене симптомсыз кездеседі. 7550 симптомсыз целиакиямен тексерілген британдықтардың ішінде 87 емделушіде антидене анықталған. Бұл зерттеудегі 50% емделушілерде сүйек ұлпасының минералды тығыздығы төмен, гемоглобин мен холестерин деңгейлері төмен, дене салмағы төмен, қанда глюкоза деңгейі жоғары болған.
1 типтегі қант диабетімен сырқаттанатын науқастарда ішектің қабыну аурулары мен әртүрлі артритпен қоса трансглутаминазаға антиденелердің пайда болудың ықтималдығы жоғары. Целиакия (синонимдері: глютендік энтеропатия, ішектік инфантилизм) – глютен нәруызымен аш ішектің бүрлерін зақымдау негізінде жатқан ас қорытудың бұзылысы. Глютен немесе желімше (клейковина) – бұл бидай, қарабидай, сұлы(?), арпа сияқты дәнді-дақыл өсімдіктердің дәндерінде болатын нәруыздар тобын біріктіруші ұғым. Бұл нәруыздарға бірінші кезекте глиадин жатады. негізгі себебіне – ағзаның осы нәруызға нормадан ауытқыған жауабы болып табылады.
Бұрын целиакия еуропоидты нәсілдерге ғана тән, аса сирек кездесетін ауру деп саналған. Алайда, серологиялық диагностикалау әдісі пайда болғаннан кейін целиакия Еуропада аса кең таралған асқазан-ішек жолдарының ауру екенін мойындады. Көптеген эипдемиологиялық зерттеулерде 1:80 нен 1:300 дейін аурушаңдық өте жоғары, Азия аймақтары бойынша деректер жоқ, бірақ гастроэнтерологтар өңірде осыған ұқсас эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан деп санайды. Ауру бала жасында және ересек жаста анықталады, 2 есе жиі әйел адамдарда кездеседі.
Тек 30-40% жағдайларда ғана аурудың клиникалық белгілері классикалық түрде өтеді. Целиакия, әдетте балаға ұнды қосымша тамақтандыруды бастағанда 6-12 айлығында біліне бастайды. Нәжісі жиі, көп мөлшерде, майлы көпіршікті, өткір жағымсыз иісті және сұрғылт реңді болады. Нәжістің микробиологиялық зерттеуде патогенді ішек флорасы анықталмайды. Антибиотиктермен және ферменттермен стандартты ем нәтижесіз болады. Бала салмақ жоғалта бастайды, селқос, енжар, бозарған болады. Дистрофия үдеген сайын балаларда осы ауруға тән келбет пайда болады: айқын түрде арықтау, көз жанары «өлімсіреген», ауыз қуысының шырышты қабатының түсі ашық түсті, ішінің көлемі ұлғайған, аяқтарында ісік пайда болуы мүмкін. Тонусы төмендеген ішекте сұйықтықтың жиналуы (псевдоасцит) анықталады. Сәбидің дамуы кешігеді.
Жоғары жаста симптомдар аз көрінеді: созылмалы шаршағыштық, күйгелектік, кариес, терінің құрғауы мен анемия байқалады. Кейбір емделушілерде құрамында глютені бар тағамдарды пайдаланғаннан кейін, тіпті бұл нәруыздың кішкентай ғана мөлшері түскен болса іштің ауырсынуы және іштің қатуы туындайды. Осыған байланысты глютен ішектің қабынуын туғызуға қабілетті, оның негізі қызметі – қоректік заттарды сіңіруі бұзылады, бұл ағзаға микроэлементтер мен дәрумендердің сіңірілуін төмендетіп, гиповитаминоздар, электролиттердің дисбалансы, анемия, остеопороз, гипотиреоз пайда болады.
Целиакияның терілік көрінісі – герпестәрізді Дюринг дерматитіне ерекше назар аударылады. Екі түрлі көрінетін аурулар бір-бірімен байланысты, целиакия кезінде глиадинге қарсы А иммуноглобулины өндіріледі, олар тері қан тамырларына шөгіп, жергілікті қабынуды шақырады. Дюринг дерматиті шамалы температураның көтерілуімен, әлсіздік пен терінің қышынуынан басталады. Одан кейін көпіршік түрінде бөртпелер пайда болады, олар көп мөлшерде аяқ-қолдың бүккіш беткейлерінде болады, ешқашан алақан мен табанда болмайды. 3-4 күннен кейін көпіршіктер жарылып, олардың орнында ашық қызыл түсті эрозиялар (жаралар) түзіледі. Ауру жиі майлы, сұрғылт реңді нәжіспен жүреді.