Кері қайту

Эозинофилдi катиондi ақуыз (ECP)

Эозинофильді катионды нәруыз (ЭКН) – эозинофилдердің түйіршіктер құрамына кіретін нәруыздың бірі. Эозинофилдер – бұл ағзаны паразиттік инфекциялардан қорғайтын, биологиялық белсенді заттарды инактивациялайтын және ұзақ әсер етуіне кедергі жасайтын, аллергиялық реакцияларға қатысатын қанның иммундық жасушалары. Антиденелердің және цитокиндердің әсерімен эозинофилдердің белсенуі кезінде олардың дегрануляциясы жүреді, яғни қан ағымына түйіршіктердің құрамындағы ЭКН шығарылады.   Ағзадағы эозинофильді катионды нәруыздың рөлі:  

1.    Базофилдер мен мес жасушалар дегрануляциясына кедергі жасау. Бұл жасушалар тікелей аллергиялық реакцияларға және онымен байланысты бронх демікпесі, атопиялық дерматит, аллергиялық ринит, конъюнктивит, отит ауруларына қатысады;  

2.    Ішек құрттарының (мысалы, жылан құрт/аскарида) жүйке жүйесіне уытты әсер ету;  

3.    Ісік жасушаларының көбеюін (пролиферациясын) тежеу;

4.    Вируска қарсы және бактерицидтік әсер ету.  

Алайда ЭКН ағза үшін зиянсыз емес, оның көп болуынан нәруыздың жанама әсерлері пайда болады: тері жамылғысының қышуы, бронхтар эпителийінің өлуі, бронхтарда шырышты бөліністердің көбеюі, миокардқа уытты әсер ету. Бұл белгілер аллергиялық реакцияның орналасуына байланысты көрінеді. Эозинофильді катионды нәруыз деңгейін анықтаудың диагностикалық құндылығы - эозинофильді қабынудың ауырлығын бағалау болып табылады. ЭКН деңгейі аллергиялық аурулардың ауырлығымен байланысты.

Бронх демікпесі бар емделушілер қанындағы ЭКН мөлшерін динамикада бақылау ұстаманың пайда болуын болжауға, ауру ағымын бағалауға, емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. ЭКН аллергиялық аурулардың өршу маркері болып саналады, өсткені ЭКН концентрациясы ағзаға аллерген түскен кезде күрт жоғарлайды.  

Балалардағы аллергиялық ауруларды диагностикалауға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені баланың жасы на қарай қажетті клиникалық мәліметтерді сұрастыру арқылы алу мүмкін болмайды. Бұдан басқа балалардың көп шағымдары субъективті сипатта болады.  ЭКН қолданатын тағы бір аймақ – бұл DRESS-синдромын (Drug Reaction with Eosinophilia and Systemic Symptoms) диагностикалау. DRESS-синдром дәрі-дәрмектерді көтере алмаушылық салдарынан туындайды, терілік бөртпелер пайда болады, ішкі мүшелердің зақымдануы мен қанда эозинофилдер мөлшерінің жоғарлауы (эозинофилия) жүреді. 

Көбінесе бұл синдром стероидты емес қабынуға қарсы дәрілерді, ко-тримоксазолды, пенициллин қатарындағы дәрілік заттарды, фенотоинді, фенобарбиталды, сульфаниламочевинаны қабылдау кезінде туындайды.