Қандағы қорғасын (Pb).
Ауыр уытты металдар арасында қорғасын уланудың ең жиі кездесетін себебі болып табылады. Ол өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылады және қоршаған ортада аз мөлшерде кездеседі. Ол көптеген жылдар бойы бояулар, су құбырлары, пестицидтер мен консервті банкалар жасауда қолданылған. Оның мөлшері ескі тозығы жеткен үйлерде және көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындармен қоршалған жерлерде жоғары.
Зиянның және симптомдардың айқындылығының дәрежесі металдың дозасына және оның әсер ету ұзақтығына, адамның жасына, оның нутритивтік мәртебесіне, ілеспе аурулар мен патологиялардың болуына байланысты болады. Мысалы, тамақтануы жеткiлiксiз және темiр тапшылығы бар адамдарда iшектен қорғасынның абсорбциясы едәуiр жоғары. Балалар мен жүктi әйелдер осы металдың уытты әсерiне өте сезімтал.
Қорғасын анадан ұрық ағзасына плацента арқылы енуге қабілетті, бұл баланың ағзалары мен тіндерінің қалыптасуына әсер етіп қана қоймай, сондай-ақ жүктіліктің соңына дейін жетпеуіне немесе мерзімінен бұрын босануға әкеледі. Қорғасын негізінен сүйектерде жиналады және ағзадан өте баяу шығарылады.
Жіті улану сирек кездеседі және энцефалопатиямен, іштің қатты ауыруымен, құсумен, дәреттің бұзылуымен, құрысумен көрініс табады, ал кейбір жағдайларда комамен және тіпті өліммен аяқталады. Қорғасынның созылмалы әсері ұзақ уақыт бойы симптомсыз өтуі мүмкін. Оның белгілері терінің бозғылт-сұр түсі, қызыл иектің шетіндегі қара жиек, әлсіздік, жүрек айну, шаршау, дене массасының жоғалуы, анемия, бас ауруы, асқазан аумағының шыншып ауыруы, бүйрек функциясының, жүйке және жыныс жүйесінің бұзылуы болуы мүмкін.
Қорғасынның қандағы концентрациясы оның бүкіл ағзадағы мөлшерімен байланыстылықта болады. Ол арқылы уланудың ауырлық дәрежесін анықтауға және емдеу тактикасы мен антидоттарды тағайындау туралы мәселені шешуге, терапияның тиімділігін бағалауға болады.