Буындар ауруы туралы не білу қажет?
Артриттің ауыр және әдемі емес екені айтпаса да белгілі. Бұл ауырсыну, ісінулер, деформация және соңында қимылсыздық. Мәселе аурудың алған бетінен қайтпай жасаруында, ал қауіп байқамаған жерден төнеді.
Буын ауруларын мамандар дистрофиялық және қабынба деп бөледі. Ең бірінші олардың айырмашылықтарын қарастырайық.
Дистрофиялық аурулардың атаулары әдетте «оз» деп аяқталады - артроз, остеохондроз. Артроз кезінде буын тіндері біртіндеп нашарлайды, бұл үдеріс ауырсынумен, қозғалғыштықтың шектелуімен, буын деформациясымен, қимыл кезіндегі сықырлаулармен бірге жүреді.
Бұл аурулардың дамуында тұқым қуалаушылыққа бейімділік маңызды рөл атқарады.
Қабынба аурулардың атаулары әдетте «ит» - деп аяқталады – артрит, спондилоартрит, полиартрит және т.б. Бехтерев ауруы осы топқа жатады. Ісінген буынның үстіндегі теріге ыстық болу және қызару тән, таңертеңгі қозғалмай қалушылық, қозғалғыштықтың шектелуі және буындардың деформациясы тән.
Буындардың қабынба ауруларын аутоиммунды, инфекциялық және инфекциялық-аллергиялық себептер тудырады, сонымен қатар заттар алмасуының бұзылыстары да тудырады (буынның қуысында тұздардың кристалдары түзіледі).
Артритпен шамамен әрбір жүзінші адам ауырады. Ауру барлық жастағы адамдарды зақымдауы мүмкін, бірақ әсіресе жиі орта жастағы әйелдер мен егде жастағы адамдарды зақымдауы мүмкін. 65 жастан асқан адамдардың сексен пайызы артритке шалдыққан.
Артриттің қауіп факторларына төмендегілер жатады:
• генетикалық: буындардың тұқым қуалайтын патологиялары; әйелдер.
• жүре пайда болған: темекі шегу, артық салмақ, аллергиялық аурулар, буын жарақаттары, буынға түсетін кәсіби және спорттық жүктемелер.
Көптеген адамдар дәрігерге қозғалғыштығы шектелгенге және буындарда қатты ауырсыну пайда болғанға дейін жүгінбейді және бекер бұлай істейді. Медицинаның соңғы жетістіктері артриттің дамуын бастапқы кезеңде тежеуге мүмкіндік береді.
Омыртқа жотасында немесе буында ауырсыну сияқты симптом пайда болғанда, олардың зақымдалуы (алмасуына қатысты, қабынба немесе дистрофиялық) әрқашан күшейетінін түсіну қажет. Артрит - зұлым және болжауы мүмкін емес ауру, себебі артритке шалдыққан буын кез келген уақытта өзінің құрылысын қайтымсыз өзгертуі мүмкін және бұл өз ретінде мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Артриттің соңғы кезеңдерінде кейде шеміршекті алмастыру бойынша еңбекті көп қажет ететін операция, буынды толық немесе жартылай протездеу қажет.
Буындарды протездеу бойынша операциялар бұрыннан және сәтті жасалып келе жатқанымен, артритті хирургиялық емдеу - бұл ең соңғы шара.
Сондықтан да артриттің кез келген көріністері жедел дәрігердің араласуын талап етеді.
Диагнозды дұрыс қою үшін дәрігер аурудың даму себебін анықтауға, қандай буындар зақымдалғанын нақтылауға, аурудың қаншалықты жылдам дамығанын білуге тырысуы қажет. Содан соң жалпы қан талдауын, артриттің бір немесе басқа түріне тән спецификалық маркерлерді қанда анықтауды, қажет болған жағдайда урогенитальды инфекцияны жоққа шығару үшін уролог немесе гинекологтың тексеруінен өту, буындардың рентгенологиялық зерттеуін өткізу міндетті болып табылады.
Пациенттер мен дәрігерлерге ыңғайлы болу үшін «ОЛИМП» КДЗ мамандары буын ауруларының дәл диагностикасын өткізуге мүмкіндік беретін 10 зертханалық көрсеткіштен тұратын «Ревматологиялық» профилін жетілдірді.
Олардың анағұрлым маңыздылары төменде келтірілген:
• Қанды клиникалық талдау. Гемоглобин деңгейін (анемия кезінде төмендейді), лейкоциттер (инфекциямен күрес) мен тромбоциттер (қанның ұю үдерісінде рөл атқарады) санын көрсетеді. Аутоиммунды аурулар қанның клиникалық талдауында әртүрлі ауытқушылықтар тудыруы мүмкін. Ревматологияда қолданылатын кейбір дәрілік заттар да параметрлердің ауытқушылықтарын тудыруы мүмкін.
• Ревматоидтық фактор (РФ) – ревматоидтық артрит кезінде жиі кездесетін антиденелердің ерекше түрі, ауру ағымын диагностикалауда және ауру ағымының болжамын жасауда өте маңызды. Алайда ревматоидтық фактор басқа аутоиммунды аурулар кезінде және тіпті денсаулық жағдайлары жақсы адамдарда да кездесуі мүмкін, екінші жағынан ревматоидтық артритпен ауыратындардың шамамен үштен бір бөлігінде ревматоидтық фактор жоқ, сондықтан да ревматоидтық фактор бойынша талдау нәтижелері басқа талдаулар нәтижелерімен және клиникалық суретпен бірге есепке алынады.
• Несеп қышқылы – ақуыздар ыдырауының өнімі, несеппен шығарылады. Ағзада несеп қышқылының концентрациясы артқан кезде, ол кристал түріндегі қалдық болып түседі. Кристалдар тіндерде жиналады және қабыну тудырады. Қандағы несеп қышқылының деңгейін өлшеу подаграға сезіктенгенде және оны емдеудің тиімділігін бағалау үшін пайдаланылады.
• С3 және С4 комплементтерінің деңгейі (қызыл жегі кезінде қабыну дәрежесін көрсетеді)
• A, M, G иммуноглобулиндерінің деңгейі – иммундық жүйенің күйін сипаттайды.
• С-реактивті ақуыз – жіті фазаның ақуызы, қабыну, некроз, жарақат кезінде буын тіндерінің зақымдалуының ең сезімтал және жылдам индикаторы.
• O антистрептолизині – ағзада стрептококкты инфекция болуының маркері. Ревматизмнің зертханалық критерийі болып табылады.