Кері қайту

Қан тамшысы не туралы айтуы мүмкін?

Қан барлық сырқаттар туралы айта алады. Сондықтан сіз шамалы әлсіздік сезінсеңіз де, дәрігер сізге міндетті түрде жалпы қан талдауына жолдама береді. Қанның бір тамшысы - адамның денсаулық жағдайының индикаторы. Ол міндетті түрде ағзадағы қабыну үдерістерін көрсетеді (вирустық, бактериалдық немесе жай ғана аллергияны). Сонымен қатар қан талдауы сізге қандай витаминдер мен микроэлементтер жетпейтінін айтады. Жалпы айтқанда, ағзадағы барлық «ақауларды» көрсетеді.

Жалпы қан талдауы дегеніміз не? Бұл қан жасушаларының санын (эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер), қанның гемоглобинмен қанықтығын, сонымен бірге эритроциттердің шөгу жылдамдығын (ЭШЖ) бағалайтын зерттеу.

Қазір шынында қан талдауын қол әдісімен алу қолданылмайды. Ол үшін арнайы заманауи талдағыштар бар. Оған қан құйылады, содан кейін компьютер пациенттің нәтижелері мен норманы береді. Ал бланкідегі әріптер мен сандар нені білдіреді? Осының бәрін қарастырып көрейік.

Эритроциттер мен гемоглобиндер - «қызыл қанның» көрсеткіштері. Эритроциттер - гемоглобиннен тұратын қызыл қан түйіршіктері. Ол оттегіні өкпеден мүшелер мен тіндерге тасымалдауға, ал көмірқышқыл газын кері тасымалдауға қатысады. Гемоглобин деңгейінің артуы туа біткен жүрек ақаулары, тыныс-жүрек жеткіліксіздігін көрсетуі мүмкін.

Гемоглобиннің төмендеуі анемияның әртүрлі формаларының көрсеткіші болуы мүмкін. Эритроциттер де гемоглобиннің міндетін атқарады. Сондықтан эритроциттер санының өзгеруі гемоглобинмен байланысты.

Лейкоциттер мен лейкоцитарлы формула - «ақ қанның» көрсеткіштері.

Лейкоциттер - ағзаның инфекцияларға қарсы тұруына жауап беретін қанның ақ түйіршіктері. Лейкоциттер санының нормадан жоғары болуы, ағзаға бактериалдық инфекция түскенін білдіреді. Лейкоциттер саны нормадан төмен болса, бұл вирустық инфекцияның барлығын көрсетуі мүмкін. Лейкоциттердің бірнеше түрлері бар (олар лейкоцитарлы формуланы құрайды), соның ішінде эозинофилдер мен нейтрофилдер. Эозинофилдер жасырын немесе айқын аллергияның көрінуін көрсетеді. Нейтрофилдер санының артуы іріңді бактериалдық қабыну үдерісінің өтуін көрсетеді.

Тромбоциттер қанның ұю үдерістеріне қатысады. Тромбоциттер санының нормадан төмен болуы иммунологиялық аурудың, гемофилия, екінші дәрежелі анемия, хлороз, қатерлі ісіктің болуын көрсетуі мүмкін.

Тромбоциттердің мөлшерден артық болуы ағзаның тромб түзуге бейімділігін білдіреді.

ЭШЖ туралы айтатын болсақ, оның жылдамдауы қабыну үдерістерін (мысалы пневмония, туберкулез, ревматизм), сонымен қатар миокард инфарктісін немесе ісікті көрсетуі мүмкін.

Кейде ЭШЖ жылдамдауы жүктілік кезінде байқалады. ЭШЖ баяулауы вирустық гепатитті немесе жүрек жеткіліксіздігін білдіруі мүмкін.

Енді Сіз неліктен дәрігер сізді жалпы қан талдауына жіберетінін білесіз. Қан тамшысы сіздің денсаулығыңыздың құпиясын сақтайды. Бірақ естеріңізде болсын:

оны талдау үшін, талдауды таңертең аш қарынға тапсырған жөн. Сонымен қатар жалпы қан талдауына физикалық жүктемеден кейін, дәрі-дәрмек қабылдағаннан кейін немесе рентген сәулелерінің әсерінен кейін бармаған жөн.