Кері қайту

C гепатиті туралы жалпы түсінік

С гепатиті – бауырды зақымдайтын вирус тудыратын ауру, С гепатиті бауыр циррозына, бауырдың қатерлі ісігіне, сонымен бірге бауырдың мүлдем істен шығуына әкелуі мүмкін.

Көп адамдар C гепатитіне шалдыққанын бауырдың зақымдалу симптомдары байқалмағанша білмейді. Вирус бауырды көп жыл бойы зақымдауы мүмкін, C гепатитімен ауыратын кейбір адамдарда аурудың асқынуы ұзаққа созылмайды және уақыт өте олар өздерін жақсы сезінеді.

Дегенмен, вирус зақымдаған көптеген адамдарда созылмалы C гепатиті дамиды.

C гепатиті айтарлықтай ауыр сырқат болғанына қарамастан, оған шалдыққан көптеген адамдар аурудың симптомдарын бақылауда ұстай алады және белсенді өмір салтын ұстанады.

 

C гепатитінің пайда болу себептері

 

Аталған аурудың пайда болу себебі ауруды жұқтырған адамның қанымен байланысу арқылы таралатын C гепатиті вирусы.

Адамның келесі жағдайларда C гепатиті вирусын жұқтыру қаупі бар:

·       есірткі енгізу үшін ластанған шприцтерді қолданғанда. Көптеген адамдар вирусты дәл осылай жұқтырады;

·        оған қан құйылған немесе мүшелерін ауыстырып салғанда;

  · оны вирус жұқтырылған қанның қалдықтары бар шприцпен егеді, - бұл көбінесе шприцтерді бірнеше рет пайдаланатын дамушы елдерде болады;

·        оған салонда құралдарды тазалаудың тиісті ережелері сақталмаған жағдайда, вирус жұқтырылған қанның қалдықтары бар инемен татуировка немесе пирсинг жасалады.

Сирек жағдайларда анасы гепатитпен ауырса вирус балаға жұғады. Вирусты жұқтыру сонымен қатар медициналық мекеме қызметкерінің вирус жұқтырылған қанмен кездейсоқ байланысқан кезінде болады.

Мамандар C гепатиті вирусының жыныстық жолмен жұғып-жұқпауын әлі анықтаған жоқ.

Бұндай ықтималдық болса да, ол аз ғана.

С гепатиті адамдар сүйіскенде, құшақтасқанда, түшкіргенде, жөтелгенде және бір ыдыстан тамақ ішкенде де жұқпайды.

 

Аурудың симптомдары қандай?

Адамдардың басым көпшілігінде C гепатитінің симптомдары бірден көрініс таппайды.

Симптомдар келесілерден тұруы мүмкін:

·        қатты шаршағандық

·        буындардың ауыруы

·        іштің ауыруы

·    терінің қышымасы

·    бұлшықеттердің ауыруы

·    несеп түсінің күңгірт болуы

·    көз бен терінің сарылау болуы (сары ауру).

Сары ауру әдетте басқа симптомдар жоғалғанда пайда болады.

Көп адамдарда созылмалы C гепатиті дамыған кезде симптомдар мүлдем көрініс таппайды.

Сондықтан көп жағдайларда аурудың диагнозы вирусты жұқтырғаннан 10-15 жылдан кейін қойылады.

С гепатитінің диагнозы қалай қойылады?

Көптеген адамдар C гепатиті вирусын жұқтырғанын кездейсоқ біледі, мысалы қан тапсырған кезде. C гепатиті бар адамдардың қанында бауыр ферменттерінің жоғары мөлшері жиі байқалады.

Дәрігер пациенттің C гепатитіне шалдыққанына сезіктенген жағдайда, пациентке қан талдауын тапсыруға кеңес береді. Егер талдау бойынша қанда C гепатитінің антиденелері болса, онда бұл пациенттің бұрын C гепатитімен ауырғанын білдіреді. Екінші тест - ПТР-зерттеу пациенттің талдау жүргізілген кезде C гепатитімен ауырып-ауырмағанын анықтауға көмектеседі.

ПТР-талдау пациенттің C гепатитімен ауыратынын көрсеткен жағдайда, дәрігер вирус бауырдың тыртықтануын тудырып-тудырмағанын анықтау үшін бауыр биопсиясын өткізуі мүмкін.

Биопсия кезінде дәрігер инені пациенттің қабырғаларының арасына енгізеді және бауыр тінінің кішкене бөлігін алып, кейін оны зерттейді.

 

C гепатиті қалай емделеді?

Пациент пен дәрігер C гепатитін емдеу үшін пациент антивирустық дәрілік заттарды қабылдауы тиіс пе, жоқ па екені жөнінде шешім қабылдайды. Емдеудің аталған түрі барлығына келмейді.

Бауыр қатты зақымдалмаған жағдайда, дәрі-дәрмек қажет болмауы мүмкін. Егер де пациентке

дәрілік заттармен емделу көрсетілсе, пэгинтерферон мен рибавиринді бір уақытта қолдану анағұрлым нәтижелі болады. Аталған дәрілік заттардың нәтижелілігі бауырдың зақымдалу дәрежесіне, бауырдағы вирустың мөлшеріне, пациент шалдыққан C гепатитінің типіне байланысты.

Өзіне мұқият күтім жасау С гепатитін емдеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Кейбір пациенттер жағдайының өзгергенін байқамайды. Басқалары шаршағандық, аурушаңдық сезінеді, күйзеліске ұшырайды. Пациенттерге белсенді өмір салты, салауатты тамақтану көмектеседі. Бауырдың зақымдалуының алдын алу үшін пациенттерге бауырды зақымдауы мүмкін алкоголь, есірткі, нақты дәрі-дәрмектерді пайдаланудан аулақ болған жөн.